Ақсай қаласында «Өскелең ұрпақты азаматтық және әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастырудағы әкелер рөлінің өзектілігін арттыру» атты әкелер форумы өтті.

Бала тәрбиелеудегі әкелердің рөлін күшейту, отбасы институтын нығайту және отбасылық тәрбиелеу мәселелеріне қоғамның назарын аудару мақсатын тұтқан шараға «Парасат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қанат Жәкенов, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен әкелер клубының мүшелері қатысты. Әкелер клубы әр мектептің бастамасымен 2017-2018 жылдан бастап жұмыс жасауда. Әзірше Бөрлі ауданының 4 мектебінде бар.Әрине, әр шаңырақта әкенің де орны ерекше.Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі баланың көз алдындағы үлгі, өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы.Балаға қандай бағыт бересің, сол бағытпен кетеді. Қазіргі әкелер балаларына көңіл бөле ме? Тәрбие беруде өз үлесін қоса ма? Анасының орнына қарапайым ата-аналар жиналысына бара ма? Осы сұрақтардың барлығына жауаптар берілді. Бұл форумды жәй ғана өткізе салу міндет болмады, бұл форумда отбасындағы әкенің рөлі айқындалып, бәлки ұмыт қалған әкенің міндеттері, ер баланың өсіп, жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына, қоғамдағы өз орнын дұрыс табуына әкенің атқарар еңбегі ерекше екенін де атап өту болды. Форум өз мақсатына жетті. Әкелер тарапынан ұсыныстар айтылып, қолдау тапты. Білім беру бөлімінің әдіскерлері тарапынан әлі де мектептеде әкелер клубын ашып, жандандыратынын жеткізді.