Комиссияның отырысы жақсы жаңалықпен басталды. Үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген мемлекеттік қызметшілерді қолдау, үштілділікті насихаттау, жастардың іскерлік және халықаралық қарым-қатынас құралы ретіндегі тілдерді мегеру деңгейін анықтау мақсатында өткен «Тілшебері – 2016» республикалық байқауының облыстық кезеңінде бас жүлде иеленген Бөрлі ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің инженері азаматтық қорғау капитаны А.Идалиеваға алғыс хат табыс етілді. Енді Алима Еншалықызы республикалық байқауда облыс намысын қорғайтын болады.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша алдымен мінберге БҚО ТЖД Бөрлі ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы азаматтық қорғау майоры Р.Кайргалиев көтерілді. — 2016 жылдың 5 сәуірінде аудан әкімінің іс-шаралар жоспары бекітілді. Соған сәйкес барлық тиісті мекемелер мен ұйымдарға өрт қауіпті кезеңінде атқарылатын жұмыстар бойынша міндеттер қойылды. Бір айта кетерлігі, осы кезеңде селолық округ әкімдіктеріне көп күш түседі. Әр округте өртке қарсы ерікті құрам құрылып, ауылдағы техника құралдарымен төтенше жағдайларға дайын болу керек, — деген Рауан Биарыстанұлы 2014 жылмен салыстырғанда өткен жылы дала өрті аз болғанын айтады. Соңғы он жылға жүргізілген талдау көрсеткендей, Ақсай қаласы, Бөрлі, Жарсуат, Пугачев, Успен, Березов және Ақсу аулдық округтерінде дала жану оқиғалары жиі орын алып отыр. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі жүргізген талдауға сәйкес, соңғы жеті жылда ауданда он бес адам суға кетіп, қаза болған. Олардың үшеуі — кәмелетке толмаған балалар. Суға шомылу маусымы да жақындап келеді. Рауан Биарыстанұлы осыған байланысты судағы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында тиісті іс-шараларды орындауды ұсынды. Бұл шаралардың қатарында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарын кеңінен тарту, әр мекемеге, адамдар көп жиналатын орындарға судағы қауіпсіздік ережелері тақырыбында плакаттар ілу бар. Сонымен қатар аудан көлемінде орналасқан жазғы демалыс лагерьлеріндегі балаларға және мектеп бітіру кештерінде суға түсуге-шомылуға тыйым салуды ұсынды. Бұдан өзге де іс-шараларды атап өткен Рауан Биарыстанұлы: «Маусым қорытындысы бойынша төтенше жағдайдың алдын алуға бағытталған жұмыста зор үлес қосқан мекеме басшысын немесе тұлғаларды ынталандыру бағытында төтенше дағдайлар департаментіне олардың еңбегін көрсете отырып, белсенділігі үшін марпаттауға қолдау хат жолдау ұсынылсын», — деді. Жалпы өрт қауіпті кезеңінде барша жан қауіпсіздік шараларын ұмытпауы қажеттігін айтып, тілсіз жаумен бірлесіп күресуге шақырды. Келесі кезекте өткен жылы ауданда орын алған өрт оқиғаларына тоқталған №8 ӨСБ «ӨСҚ және АҚЖ» басшысы А.Садыков: «Бір айтатын мәселе бар. Селолық округ әкімдері дала өрті тұтанғанын дер кезінде хабарламайды. Бір күн өткен соң көмекке шақырады. Ал бұл өртті уақытында сөндіруге қиындық тудырады», — деп атап өтті. Ал аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Ю.Лилеков балалардың суға шомылудағы қауіпсіздік шараларына тоқталды. Біздің ауданда балалардың жазғы демалысын жас туристер станциясы ұйымдастырады. Әдіскер балалардың судағы өлімінің алдын алу үшін облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері жыл сайын суда жүзу нұсқаушыларын оқытатынын айтты. Бүгінгі таңда станцияның үш қызметкерінде тиісті сертификат бар екен. «Балалардың суда шомылуын ұйымдастыру үшін аудандық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасының рұқсаты қажет. Суда құтқару қызметі жағажай аумағында тазалау жұмыстарын жүргізіп, суға зертханалық тексеру жүргізіледі», — деген Ю. Лилеков профилактикалық іс-шаралар судағы жазатайым оқиғаның алдын алатынын айтты. Өрт ең бірінші жол бойынан басталады, ал оған көлік жүргізушілерінің лақтырған темекі тұқылы себеп болады деп кесіп айтқан Пугачев ауылдық округінің әкімі Т.Қазжанов былтырдан қалған қураған шөптерді өртеу мәселесін көтерді. Сонымен қатар суда жүзу маусымында атқарылатын жұмыстарға да тоқталды. «Біз жақында ауыл айналасындағы жабайы жағажайларды түгендеу үшін аралап шықтық. Бізде мұндай суға шомылатын үш орын бар. Алайда ресми түрде құджаттары жоқ. Біз өз мүмкіндіктерімізге қарай ауыл ішіндегі жабайы жағажайларды бақылауға алып отырамыз», — дей келе су жағасына демалуға келетін қалалықтардың соңында тудай үйілген қоқыс қалдықтары қалатынын, жасаған ескертуге мән бермейтіндерін сынады. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Бөрлі ауылдық округінің әкімі В. Баштовенко да ақпарат беріп, ұсыныстарын ортаға салды.

Басқосудың соңы да жағымды жаңалықпен қорытындыланды. Аудан әкімдігі төтенше жағдайлар бөлімі мен қорғаныс істері жөніндегі бөлімге Нива автокөліктерін, ал ішкі істер бөліміне УАЗ автокөлігін берді.

Ясипа РАБАЕВА