Ауыл активінен көкейлерінде жүрген сауалдарын сұраған аудан әкіміне алғашқы сауалды ауылдық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы С. Целуйко қойды. Еңбек ардагері Аралталда жүріп жатқан құрылыстың жай-жапсарын сұрап, сол жерде техникалық су болса деген тілегін жеткізді. Сонымен қатар ол жердегі жұмыс барысын қадағалап, бақылайтын комиссия құрылса деген де ұсынысын айтты. Алдияр Сансызбайұлы барлық құрылысшылармен кездескенін, бұл жұмыс барысында техникалық жұмыстарға байланысты аздаған іркіліс барын, бірақ құрылыс ойдағыдай жүріп жатқанын айтты. Сондай-ақ өз сөзінде комиссия құру жөніндегі пікірмен келісетінін айтып, бұл мәселені ауыл әкіміне тапсырды. Ал шаруашылыққа пайдаланылатын су жөнінде «техникалық су болса, бау-бақша да жақсы өседі» деген аудан әкімі бұл мәселе жағдайға қарай қарастырылатынын айтты. Сонымен қатар жиында қойылған су тарифине қатысты сауалдың жауабы жан-жақты талданған соң, алдағы күндері берілетін болды. Березов мектеп-балабақша кешенінің директоры Ж. Жақсығалиева білім мекемесінде жағдай жақсы, жұмыстар бір қалыпты жүріп жатыр деп атап өтті.

Актив кездесуінен соң Алдияр Сансызбайұлы ауылдағы әлеуметтік нысандарды аралады. Мектеп ішін мұқият қараған аудан әкімі мектеп басшысына «әсіресе балаларға сақ болыңыздар» деп ерекше тапсырды. Мәдениет үйі мен кітапханада, ауылдағы пошта бөлімшесінде болды. Сондай-ақ атмосфераның сапасын бақылайтын кешенде болып, жұмысымен танысты.

Ясипа РАБАЕВА