Өзіміз мекендеп жатқан қаламыздың таза да көрікті болуы жанға жайлы әсер етуімен қатар, бұл тұрғындардың мәдениетінің де жоғарылығынан хабар берсе керек.

Қай көшеде болмасын үйлердің қастарында үйілген күл-қоқыстар жатқанын көрдік. Кейбір үйіндіні шөп басып, көрінбей қалған. Тіпті жол жиегіне қоқыс салған қалталарды қойып кеткендер де бар. Ал кей жерлерде, мәселен Оңтүстік айналма жол көшесінде арнайы қоқыс салатын жәшіктер бос тұр да, қоқыс салынған қалтаны оған сүйеп қойып кеткен. Сонда қоқысты жәшікке салуға ерінген бе дерсің?! Цвиллинга көшесіндегі бірнеше үйдің иесі жөндеу жұмыстарын жасап жатса керек, құрылыс заттарының қалдықтарын аулаларынын шығарып, жол жиегіне жақын жерге жинап қойыпты. Шыңғырлау көшесінде де осы көрініс қайталанып отыр. Үй иелерімен тілдеспек ниетпен бірнеше есікті қаққанымызбен, есіктерін ашқан ешкім болмады. Осы көшенің бойында қатар тұрған екі қоқыс салатын жәшікті кесілген ағаш бұтақтарымен, шабылған шөптермен толтырып қойған екен. Малдың тезегі де «мен-мұндалайды». Ал жанында тұрмыстық қалдықтар жыртылған қаптардан төгіліп, шашылып жатыр. Қаңғыбас иттер болса, қоқыс салған қалталарды тесіп, тұмсығымен тіміскілеп, азық іздеп жүр. Бұл көріністер тұрғындардың тазалыққа қаншалықты мән беретінін көрсетсе керек. Үйінің ауласынан шықпай, бізге қарап тұрған Шыңғырлау көшесінің тұрғынын қасымызға шақырып, сөзге тартқан едік. Өзін «Мұхамбетпін» деп таныстырған отағасы: «Біздің үйдің қасында тұрған бұл қоқыс жәшігіне өзге көше тұрғындары, Октябрьская көшесінен де машинамен келіп түрлі-түрлі қоқыстар лақтырып кетеді. Оларға талай рет айттық, сөзге де келіп қалып жатамыз. Бірақ ешқайсысы тыңдамайды», — деп, жәшіктегі қоқыстарды өздері келісімшартқа отырған «Ақсай тазалық kz» ЖШС жинап алып кететінін айтты. Ал Анатолий есімді тұрғын: «Бұл жәшіктер тек тұрмыстық қалдықтарға арналған ғой. Бірақ кейбіреулер машинамен келіп, өзге қоқыстарды, қураған ағаштар, құрылыс заттарын лақтырып кетеді. Ал біз қоқыстарды жинағаны үшін ақша төлеп отырмыз», — дейді.

Көшелерді қарап жүргенде полиция қызметкерлері Луговоя көшесінен бір ер азаматты қоқыс салған сөмкесін жол бойына лақтырып жатқан жерінен ұстап алды. Ол кісі бұл көшедегі бір үйге қонаққа келгенін, ал қоқыс салған қапшығын жол жиегінен тазалықпен айналысатын мекеме қызметкерлерінің өздері алып кететінін айтып, ағынан жарылды. Шыны керек, көше тазалығының сақталуына тұрғындар мүдделі. Алайда жол жиегіне қойып кеткен қоқыс қалталары уақытылы жиналуы және қоқыс жәшіктерінің дер кезінде тазалануы қалада сервистік қызмет көрсететін мекемелердің тиянақты жұмысын қажет етеді. Әр саналы азамат үйінің айналасын әсіресе ауласының сыртын да ұқыпты ұстауы қажет. Ал ескі-құсқы құрылыс заттарын өз күштерімен қала сыртындағы арнайы қоқыс полигонына апарып төгулері керек. Бұл ойды Жеткін Ермұқанұлы да қуаттап, қоқыстарды жинау бойынша тұрғындармен келісімшартқа отырған мекеме қоқыс жәшіктерін уақытылы тазалап тұрғаны керек екенін айтты. Бір айта кетерлік жайт, жол жиегіне тұрмыстық қалдықтар салынған қалталарды тастаудың еш жөні де, реті де жоқ. Себебі көше кезген қаңғыбас иттер, мысықтар оларды шашып, айналаны қобырсытып жатыр. Осы орайда Бөрлі аудандық ветеринариялық станциясының директоры Жанбулат Махмудовты сөзге тартып, бұралқы иттермен «күрес» жұмыстары жөнінде сұраған едік. «Жыл басынан бері Ақсай қаласында 692 бас ит және 182 мысық ауланды. Ал жалпы аудан бойынша бұралқы 1049 иттің, 209 мысықтың көзі жойылған. Қаңғыбас ит-мысықтарды жою жұмыстары күнделікті жүргізілмесе, олар көбейіп кетуі мүмкін. Сондықтан да көшелерді қарап, шақыртуларға барып тұрамыз. Қазір тұрғындардың өздері хабарласып, қаңғыбас иттерді көрген жерлерін айтып, шақыратын болды. Бұл біздің қызметкерлерге жұмыстарын сапалы да оңтайлы жүргізуге үлкен көмек болып отыр», — деген Жанбулат Тасболатұлы аудан тұрғындарына ризашылығын да білдірді.


«Қаланың ескі бөлігінде ғана емес, ықшамаудандарда да қоқыстардың шығарылуына қатысты айтылатын шағым көп. Жаяу жүргінші жолдарын құрылыс материалдарымен жауып тастағандар бар. Арықтарға кесілген ағаштарды, шабылған шөптерді салып, толтырып қойғанды көрдік. Сондықтан да тұрғындар үйлерінің айналасын таза ұстағандары керек. Түрлі мекемелер басшылары да өз ғимаратарының аумағының таза болуын қадағалағаны жөн. Бүгінгі таңда жеке және заңды тұлғаларға жиырмадан астам ұйғарым жазылды», — деген Жеткін Ермұқанұлы қала тазалығына нұқсан келтірген жеке және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлейтінін айтты. Жеткін Ермұқанұлының айтуынша, қаладағы ықшамаудандарға 250 еуроконтейнер қою жоспарланып, тендерге қойылған. Ал ескілерін қоқыс жәшігі жоқ көшелерге орналастыру жоспарланған. Қазіргі уақытта қалалық әкімдік екі техника мен жұмыссыз жүрген он бес адамды қаланың тазалық жұмыстарына жұмылдырып отыр.

Өткен аптада аудан әкімі А. Халелов қала тазалығына сын айтып, «Ардагерлер саябағындағы», «Наурыз» және Ғ. Жәңгіров атындағы саябақтардағы олқылықтарды мінеп, көзге шұқып көрсеткен-тұғын. Қазір бұл саябақтардың шөптері шабылып жатыр. Көгалдандыру жұмыстары қолға алына бастады. Десек те мұндай игі істі орындау құзырлы мекемелердің міндеті болса, оның қадірін біліп, қасиетін арттыру баршаның ортақ міндеті болмақ.

Қаланы көркейту демекші, бұл ретте қала жолдарының да көрінісі көзге түсері сөзсіз. Кейбір жолдардың мүжіліп, ойылған жерлері жамалып жатыр. Әсіресе Халықтар достығы көшесінде бірнеше жылдан бері тиянақты ақталмай келе жатқан коллектордың жағдайы жолдың «көркін» бұзып тұр. Бұл да ақсайлықтар тарапынан үлкен сынға ұшырап келеді. Жол жиегіндегі арықтарды шөп басып бара жатқаны да жасырын емес.

Қорыта айтқанда, қаланың таза болғаны барша адамға қажет, ал тазалықты сақтау – міндет. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қаланы таза ұстау бағытында бірлесіп жұмыс атқару құп болмақ.


Ясипа РАБАЕВА