Ақсай қаласында ұсақ бұзақылыққа мүлдем төзбеушілік қағидасы бойынша жедел-алдын алу іс-шарасы өтті.

Полиция не дейді?

Аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция майоры Айбек Қайырғалиевтің айтуынша, тәртіпсіздік пен құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидасын қалыптастыру үшін мұндай іс-шараның маңызы зор. Ақпарат құралдары арқылы қоғамдық орындарда жүріп-тұру ережелерін бұзған азаматтарды көрсетіп, оларға сот шешімімен тағайындалған жазаларды да жариялап отыратындарын айтты. «Өткен жылға қарағанда биыл көше бұзақылығы 24,6 пайызға төмендеген. Біз мұндай көрсеткішке қарамастан қоғамдық жерде қылмысты болдырмау және тәртіп бұзбау үшін жастармен және полицияның қоғамдық көмекшілерімен бірлесіп жедел іс-шаралар өткізіп келеміз. Елбасының бастамасымен қолға алынған бұзақылыққа мүлдем төзбеушілік қағидасын тұрғындар естен шығармаса екен деймін. Көшеде ішімдік ішіп отырған немесе сағат 22.00 кейін алкогольдік ішімдік сатқандарды, жалпы қай жерден қандай да бір қоғамдық тәртіпті бұзған адамды көрсе, бізге хабарласулары қажет. Ол үшін 102 телефонына қоңырау шалып, полиция қызметкерін шақыртуға болады. Учаскелік полиция қызметкерлері сағат 23.00 дейін жұмыс істесе, көшеде түнімен жүретін «Үкі» деген топ бар. Аудандағы тәртіпті сақтауға ішкі істер бөлімі қызметкерлері ғана емес, бөрліліктер де атсалысса деп ойлаймын», — деді Айбек Мендешұлы.

Өзбек азаматы
Іс-шара барысында бес топқа бөлініп, әр бағытқа жол тартқан полиция қызметкерлерінің қасына газеттер мен телестудия тілшілері де қосылды. Біз қаланың оңтүстік бөлігінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Қайрат Утеулиев пен УПИ көмекшісі, полиция аға лейтенанты Тілеген Дауленовтің соңынан ердік. Полицейлермен бірге бекітілген аумақтағы көшелерді араладық. Белгілі тұрағы жоқ жандар паналайды-ау деген жерлер де назарға алынды. Сегізінші наурыз көшесіне бұрыла бергенімізде бір үйдің сыртындағы жол бойында отырған үш ер адам көзге түсті. Бірінің қасында қаңылтыр ыдыстағы сыра тұр. Алдарында құрылысқа қажетті құрал-саймандар салынған сөмкелер. Полиция қызметкерлері оларға өздерін таныстырып, құжаттарын сұрады. Бұлар жұмыс жасау үшін Өзбекстан Республикасынан келген азаматтар боп шықты. Бір үйде жөндеу жұмыстарын жасап жатқандарын айтқан жас жігіт егде кісіні атам деп таныстырды. Сыра ішкені иісінен-ақ білініп тұрған үшінші азаматты уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталығының аудандық бөлімшесіне апаруға тура келді. Бұл бөлімшеде өзбекстандық Р. деген азаматтың жеңіл дәрежеде ішімдік ішкені анықталды. Жоғарыда аталған кодекстің 440-бабының 1-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Көші-қон полициясы бөлімі қызметкерлері бұл азаматтардың жеке тұлғаларда еңбек қызметін жасауға рұқсат қағаздары, құжаттары бар екенін растады. Дәл осы сәтте қаланың екінші бөлігіндегі учаскелік полиция инспекторы да ішімдікке мас болып, теңселген егде жастағы ер адамды алып келді…

Қорытынды

Ұсақ бұзақылыққа мүлдем төзбеушілік қағидасын ұстанған шара барысында бірнеше адам тәртіпсіздігімен көзге түсіп үлгерген еді. Бұл туралы жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары полиция майоры Бағдат Сыдықов та ақпарат берді. Ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 3 адамға әкімшілік хаттама толтырылды. Ал 8 азамат уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталығының аудандық бөлімшесіне жеткізіліп, 440-бап бойынша әкімшілік хаттамаға «ие болды». Сонымен қатар сағат 23.00-ден кейін көшеде заңды өкілдерінсіз жүрген 5 кәмелетке толмаған бала ата-аналарына жеткізіліп, хаттама толтырылған. Жалпы өткен алты айда ауданның 232 тұрғыны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершіліке тартылып отыр.

Қоғамдық ортадағы тәртіпті бұзушылық пен ұсақ бұзақылықтың алдын алуға бағытталған бұл шараға тілшілермен қатар, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының әдіскері Өрлен Бисенов бастаған жастар, кәмелетке толмағандармен жұмыс жөніндегі инспекторлар да қатысты.

Ясипа РАБАЕВА