Елімізде халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында бағдарламалар жүзеге асырылып келеді.  — Қуантай Махмутұлы, елімізде тұрғын үйге қолжетімділік тапшылығын шешу үшін жалға берілетін тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғайтылуда. Біздің аудандағы осы жалға берілетін баспана құрылысы жөнінде айтсаңыз.

— «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында тұрғын үй салу мәселесі кеңінен қаралған. Осы бағдарлама аясында 2015 жылы ауданымызда 144 пәтерлік тұрғын үй салынды. Аталған тұрғын үйдің құрылысы өткен жылы желтоқсан айында аяқталып, қазіргі таңда абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Абаттандыру жұмыстары аяқталғаннан кейін, тұрғын үй кезегінде тұрғындарға пәтерлерді беру жоспарланып отыр. Бұл үйден пәтер беру «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жүзеге асырылады. 144 пәтердің 72 пәтері банк салымшылары арқылы, қалған 72 пәтері біздің бөлімде үй кезегінің тізімінде тұрған азаматтарға беріледі. 2015 жылы 8 маусым мен 8 шілде аралығында осы үйден пәтер алғысы келетін тұрғындардың құжаттарын қабылдаған болатынбыз. Сол кезде 108 адам құжат тапсырды. Олардың барлығын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» жолдадық. Бірақ төлем қабілеттері расталмағандықтан, кейбір азаматтар бағдарламаға өте алмай қалды. Осылайша 108 пәтердің көбі иесіз қалды. Сондықтанда биылғы жылдың маусым айында аталмыш банк бізге 33 пәтерді қайтарды. Сонымен қатар бізде үй кезегінде тұрғандарға бөлінген 72 пәтер де толықтай иелерін тапқан жоқ. Жалпы бір бөлмелі 11 пәтер, екі бөлмелі 18 пәтер, үш бөлмелі 14 пәтер бар. Баспасөз бетіне қайта хабарландыру жарияланып, 1 шілдеден 31 шілде аралығында азаматтардан құжаттар қабылданды. Нәтижесінде 150-ден астам азамат құжат тапсырды. Құжаттар электрондық веб-портал арқылы қабылданған болатын. Тұрғын үй беру кезегі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 74-бабына сәйкес жүргізіледі. Заңға сәйкес әр санат бойынша әрбір топтан пропорционалды қарастырылады. Ал өткен жылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» талаптарына құжаттары сай келген азаматтарға және кезекте тұрған азаматтарға пәтерлер беріле беретін болады.

— Биылға дейін де ауданда жаңа үйлер салынып, бірнеше отбасының баспанаға ие болғанына куә болған едік.

— Ия, өткен жылдары да бірнеше отбасы қоныс тойын жасаған еді. Ел Президентінің салиқалы саясаты арқасында «Жас отау» бағдарламасы бойынша 2014 жылы 90 пәтерлі тұрғын үй жас отбасыларға берілді. Сонымен қатар бес қабатты тағы бір үй кезекте тұрған азаматтарға берілді. 2010-2011 жылдары да Ақсай қаласында тұрғын үй салынған болатын. Атап өтетін болсақ, Халықтар достығы көшесі, 27б, 27в мекенжайдағы тұрғын үйлерде қоныс тойы тойланды. Айта кету керек, тұрғын үймен медицина қызметкерлері де қамтылды. 2013 жылы Юбилейная, 5/1 мекенжайындағы екі қабатты 8 пәтерлі тұрғын үй ақ халаттыларға берілді.

— Баспана жайы сөз болғанда жылу және су желілерінің жұмысы да еріксіз еске түседі. Осы бағытта атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтсеңіз.

— Жоғарыда атап өткен «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Сырым Датов көшесіндегі кәріз желісі толығымен қайта құрылды. Сонымен қатар өткен жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен Халықтар достығы көшесі бойынан №1 сорғы стансасына дейінгі аралықтағы кәріз желісі қайта құрудан өтті. Қазіргі таңда Сырым Датов көшесінен бастап «Коралл» дүкеніне дейін кәріз желісін қайта құруға жобалық сметалық құжаттарын дайындап жатырмыз. Себебі кәріз желісінің әбден тозығы жеткен. Ал «Ақсайжылуқуат» МКК су желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. 2012 жылы бірінші, екінші ықшамаудандағы, Абай даңғылынан Совет көшесінің соңына дейін су құбырын күрделі жөндеуден өткізу жөнінде жобалық сметалық құжаттар дайындалған болатын. Үш жылдан кейін жобалық сметалық құжаттардың күші жойылған, сондықтанда қазір бұл құжаттарды қайта даярлаудан өткізіп жатырмыз. Аталған құбырды жөндеуді келесі жылға жоспарлап отырмыз. Қаланың ескі бөлігінің тұрғындарының көптен бері көтеріп келе жатқан мәселесі кәріз желісі екені жасырын емес. Қазір сол аудандағы үйлерді орталық кәріз желісіне қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал жылу жүйесін қайта жаңғырту жөнінде айтсам, 2013 жылы оныншы ықшамауданда жылу желісі толығымен қайта құрудан өткізілді. Қазіргі таңда 4 және 5 ықшамаудандардың жылу желісінің құбырларын жөндеу жөніндегі құжаттама мемлекеттік тексеруде жатыр. Биыл мемлекеттік сараптамадан өтсе, аталған жылу құбырын 2017 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жөндеуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ өткен жылы осы бағдарлама шеңберінде қаланың ескі бөлігіндегі үшінші және төртінші қазандықтар алтыншы жылу қазандыққа айналма біріктіріліп, екі қазандықтың жұмысы тоқтатылған болатын. Есесіне бір қазандық қайта құрудан өткізілді. Қазіргі таңда осы қазандықтың құрылуына байланысты қаланың ескі бөлігінде жылу жүйесінде ешқандай қиындық жоқ. Жалпы елімізде баспана мәселесін оңтайлы шешу үшін жан-жақты іс-шаралар қолға алынып келеді. Елбасы өзінің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында «Мемлекет әлеуметтік жалдамалы баспананы салып, оны тұрғындарға сатып алу құқын бере отырып, ұзақ мерзімді жалға ұсынады» деп атап өткен болатын. Мұндай игі шаралардың шарапатынан біздің аудан тұрғындары да қалыс қалмақ емес. Осы бағытта біз де жұмыстана бермекпіз.

Сұхбатасқан Ясипа РАБАЕВА