Ауданда «Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау қызметін жүзеге асырудағы қызметтік этика және жоғары рухани-адамгершілік ахуал» атты ауданаралық дөңгелек үстел өтті.

Батыс Қазақстан облыстық сотының судьясы Е. Боранбаев мемлекеттік қызметшінің рухани-адамгершілік этикасының бейнесін нығайту жөнінде өз ойын ортаға салды. Бүгінгі таңда судьларға қойлатын талаптар күшейтілгенін айтқан Есенбай Нұрлыбайұлы мемлекеттік қызметке келген адам мемлекеттік тілді білу керек деп қадап айтты. «Біз өзге елдің тілі мен мәдениетін, тарихын білсек те, өзіміздің тарихымызды білмей жатамыз. Бұрын қазақ даласында билер соты болған. Даланың данагөй данышпандары Қазыбек би, Әйтеке би мен Төле би жер мен жесір дауы, екі ел арасындағы тартыс секілді өзге де мәселелерді ешқандай академияда оқымаса да шешіп отырған. Осы аузы дауалы үш бидің төрелігінен үлгі алсақ деймін. Мысал ретінде мына бір сөзді айта кетейін. Тана би Малайсары биді іздеп келіп, бата сұрапты. Малайсары би: «Шырағым, үш сөзбар, соны ұмытпай жүрсең, халқың соңыңнан қалмас. Ұмытсаң, артыңа ермес. Ол үш сөз: ұят, борыш, обал! Одан кейін бір ақылым: жақынды жаралама, алысты қаралама» деген екен. Қарап отырсақ, бұл ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан билерге қойылатын негізгі талап деп түсінуге болады», — деген судья әрбір мемлекеттік қызметтегі хатшы да келген кісіні жылы шыраймен қарсылауы қажет деді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының БҚО бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ауданаралық басқармасының офицері Р. Қабдыкешов облыстағы сыбайлас жемқорлық фактілер туралы баян етті. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасы Теректі, Бөрлі, Шыңғырлау, Сырым және Қаратөбе аудандарын қамтиды. 2015 жыл мен биылғы өткен алты айда департаментте 250 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Оның 84 пайызы, яғни 210-ы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық болып отыр. Баяндамашы сөзінен соң, пара алып ұсталған және мемлекет қаражатын жымқырған мемлекеттік қызметшілер жөнінде бейнеролик көрсетілді.

Бұл басқосуда сондай-ақ аудандық прокуратураның аға прокуроры З. Құрманғалиев пен Бөрлі ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Б. Айтжанов мемлекеттік қызметшілердің рухани-адамгершілік қағидаты, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері жөнінде баяндады. Шара соңында бес ауданнан жиналған мемлекеттік қызметшілер баяндамашыларға қойған сауалдарына жауап алып, өзара пікір алмасты.

Ясипа РАБАЕВА