Жарсуат ауылында «Ялгат» Бөрлі аудандық фин-угор халқының этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің тұсауы кесілді.

Ал осы жаңадан ашылған бірлестік төрағасы Владимир Будник арнайы құжаты бар бұл бірлестік әрқашан татулық пен достықты, қоғамдық келісімді насихаттап, еліміздің заңдарын сақтап, өзге ұлттармен өзара ынтымақтастықта жұмыс жасайды деп атап өтті. «Менің Отаным – Қазақстан. Менің тумам көп», — деген Владимир Ильич көрермендер алдында бас иіп, бірлестіктің құрылтайшыларымен де таныстырып, алғысын білдірді. Салтанатты шара аудандық демалу орталығына қарасты ауылдардағы Мәднениет үйлері көркемөнерпаздарының «Біздің күшіміз — бірлікте» атты концертіне ұласты. Домбыра шанағынан күй күмбірлеп, бишілер мың бұрала би билеп, әсем ән мен көңілді әуен көрерменнің көңілін көтеріп, әрбір өнерпазға ду қол шапалақ соғылды. Сонымен қатар Мәдениет үйінің фойесінде этномәдени бірлестіктердің қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды. Шеберқолдардың бұл туындылары арасында тоқыма бұйымдары, әр түрлі заттардан жасалған ыдыстар мен бұйымдар көздің жауын алып, шеберліктің шынайы үлгісін көрсетті. Сондай-ақ Достық үйінің қолдауымен этномәдени бірлестіктердің атқарған жұмыстары слайд арқылы көрсетілді. Бұл шараға этномәдени бірлестіктер төрағалары, көршілес ауылдық округ әкімдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Ясипа РАБАЕВА