Өткен сенбіде шаһарымыздағы азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті.

Аудан әкімінің орынбасары Жаңабай Қаналин аталмыш жәрмеңке аудан басшысы Алдияр Халеловтың тапсырмасымен қолға алынғандығын айтып, жоспарлармен бөлісті. «Ақсай қаласы тұрғындарына бүгіннен бастап арзан бағамен қолайлы жерде ашылған жәрмеңкеден қажеттіні таба алатын болады. Бұл шара қазан айының аяғына дейін аптаның әр сенбісінде өткізіледі деп жоспарлануда. Көп кешікпей бұл жерде 16 дүңгіршек қойылады. Сөйтіп ақсайлықтар енді ауылдың құрты мен майынан, айраны мен қаймағынан тарықпайтын болады. Әр сенбі сайын қала тұрғындарын жәрмеңкеге шақырамыз» — деді. Берекелі жәрмеңкеге барлық ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтар өз өнімдері сатып, халықтың ризашылығына бөленді.

Айым НҰРҒАЛИЕВА