«Нұр Отан» партиясы Бөрлі аудандық филиалының кезектен тыс XX конференциясы өтіп, филиалдың жаңа төрағасы сайланды.

Күн тәртібінде қаралған екінші мәселеде партияның аудандық филиалының Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізілді. Соңынан Мереке Нұрланұлы аудандық партия ұйымы жұмысының негізгі бағыттары мен алда тұрған міндеттері туралы баян етті. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде филиалдағы партия мүшелерінің саны – 2671. Олар 18 бастауыш партия ұйымына біріктіріліп отыр. Биыл партия қатарына 1263 адам қабылданған болса, олардың 1000-ы шағын және орта бизнеспен, фермерлік шаруашылықпен айналысатындар екен. Сондай-ақ өткен 8 айда партиялық жарна төлеу жоспары 4399055 теңге болса, жинақталған жарна 3791474 теңгені құрап отыр. «Бүгінде партияның қоғамдық қабылдау бөлмесі – билік пен бұқараның арасын жалғаушы алтын көпірге айналып отыр, — деген Мереке Нұрланұлы сөзін одан әрі былайша сабақтады – Халықтың партияға деген сенімі күн өткен сайын артуда. Жыл басынан бері аудан бойынша 156 қабылдау болып, 68 арыз тіркелді. 9 арыз оң шешімін тапты. Қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп түскен арыз-шағымдардың басым бөлігі аз қамтылғандар, зейнеткерлер, жастар мен толық емес отбасылар санаттарынан. Қабылдауға келушілерді еңбекке орналатыру – 31%, баспанамен және жер телімдерімен қамтамасыз ету – 32,4%, әлеуметтік қамсыздандыру (14,7%) мәселелері жиі толғандырады». М. Изтелеуов филиал тарапынан атқарылып жатқан өзге де жұмыстарға тоқталып, алдағы уақытта да тың серпіліспен, жаңа тыныспен алға қадам басатынын айтты.

Жарыссөзге жазылған делегаттар аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, ауданның құрметті азаматы И. Ізмағамбетов пен №10 «Бөрлі» БПҰ төрағасы, партияның саяси кеңесінің мүшесі В. Баштовенколар жаңа төрағаның жұмысына сәттілік тілеп, «бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген ұранмен халық игілігі үшін жұмыстану қажеттігін айтты. Конференция соңында қаулы қабылданды.

Ясипа РАБАЕВА