Бөрлі ауданында » Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ұлы дала жүйріктері» атты ұлттық спорт түрлерінен Бөрлі ауданының чемпионаты өтті.

Чемпионаттың ашылу салтанатында сөз алған аудан əкімінің орынбасары Жаңабай Каналин қатысушыларға сəттілік тілесті. Тай бəйгесі, құнан бəйгесі, қазақы жылқылар бəйгесі, қанды жылқылар бəйгесінен бақтарын сынауға келген шабандоздар жалдарынан жел есіп, атқан оқша зулаған сəйгүліктерінің қарымын осы дүрмекте сынап көрді. Дүбірлі жарыстың тізбесіне жанкүйер қауымының делебесін қоздыратын аударыспақ, теңге ілу, көкпардың енгізілуі көпшілікті ерекше сүйсіндірді.
— » Дəл қазіргі сəтте дүбірлі додаға 40 қа жуық қатысушы келді. Аударыспақ пен көкпар ойындарына Шыңғырлау ауданының командаларын жолдастық кездесуге арнайы шақырттық. Бұл жарыстың мақсаты ең алдымен күзде өтетін аудан күніне орай іріктеу» — деді Бөрлі ауданының дене шынықтыру жəне спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов. Шашасына шаң жұқпаған сəйгүліктер ауыздығымен алысып алға ұмтылды. 3 шақырымдық тай жарысында » жүйрік қасқа» атты жануар алдына қара салмады (Пугачев ауылдық округі). Құнан бəйгеде Нұрболат есімді шабандоз » Көрегерімен» оза шапты (Александровка ауылдық округі). Қазақы жылқылар бəйгесінде Қарақұдық ауылдық округінің шабандозы алға суырылып шықты. Ал қанды жылқылар бəйгесінде Булат Айжариковтың » Торы» жылқысы шаңына да ілестірмеді.
Жаяу бəйгесінде Анатолий Долинный І орынды иеленді (Ақсай қаласы). Теңге ілуден Шыңғырлау ауданының қатысушысы Аслан Кабиев І орынды қанжығасына байлады.
Қазақ күресінен өгіз палуан Теміржан Көлбай атанса, түйе палуан Темірлан Көлбай болды. Көкпар ойынынан команда капитаны Асхат Балпанов салым салып, жеңістің сатысынан көрінді.Бұл жылқы жануарының икемділігі ғана емес, сонымен бірге шабандоздардың да шымырлығы сыналған сайыс болды.