Бөрлі ауданында ауыл жасөспірімдерінің ІІ жазғы ауыл ойындары басталды. Астана қаласының 20 жылдығына арналған шараға облысымыздың 10 аймағы ауылдарынан келген спортшылар қатысуда. Төрт күнге созылатын спорттық додада оза шыққандар республикалық жарыста облыс намысын қорғайтын болады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру, ауылдық жердегі жасөспірімдерге дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға жағдай жасау, спортшылардың спорттық шеберлігін арттыру,үздік спортшыны анықтап, спорт резервін даярлау мақсатындағы ойынға 2001-2003 жылы туған ұлдар мен қыздар қатысуда.
Спорттық 11 түрі бойынша 33 медаль жиынтығын сарапқа салуда. Қазақша күрес, тоғызқұмалақ, асық ату, волейбол, шағын футбол, еркін күрес, грек-рим, дзюдо, таеквондо, гандболдан ойыншылар өзара мықтыны анықтамақ.
Додаға жалпы саны 765 спортшы қатысуда. Қатысушылардың саны бойынша ең көп құрама Бөрлі аданы болып отыр. Жергілікті команда ойын бағдарламасының барлық түрінен де ойыншылар қатыстыруда.
Айта кету керек, бұл жарыстарға облыс орталығы мен аудан орталығы болып табылатын қалаларда тұратын спортшылар жіберілмейді. Жеңімпаздарды марапаттау бойынша салтанатты шара 6 маусым күні Ғ. Жәңгіров атындағы саябақта өтеді.