Аудан әкімдігінде мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты жиын өтті. 

Шара барысында аудан әкімі А. Халелов мерекелік лебізін білдірді. Аудан басшысы алдымен облыс әкімі А. Көлгіновтың алғыс хатын аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А. Исмагулова мен Қарағанды ауылдық округі әкім аппаратының бас маманы Б. Сағидуллинаға табыстады. Ал аудан әкімінің орынбасары Ж. Каналин, аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі бөлімінің басшысы Ш. Ғабдолова, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А. Көшкінбаев пен аудандық мәслихат аппаратының басшысы Б. Мұқашева ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО департаменті басшысы Б.Исаковтың алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері С. Құлманғожиева мен М. Сухановаларға сыйлықтар мен гүл шоқтары табыс етілді. Пугачев және Бөрлі ауылдық округі әкімдері Т. Қазжанов пен В. Баштовенко бастаған бірнеше мемқызметкер аудан басшысының алғыс хатымен марапатталды.
Мемлекеттік қызметпен қатар, жанына спортты серік етіп, бұқаралық спортты дамытуға үлес қосып жүрген мемқызметкерлер де қошеметке бөленді. ҚР Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына және ҚР Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған облыстық спартакиадада І орын алған волейболдан әйелдер командасы мен жүзуден ІІ орын алған Бумакөл ауылдық округінің әкімі Ж. Жұмашева, белсенді қатысушы Ә. Идгеевалар арнайы марапатқа ие болды.
Салтанатты шарада аудандық мәслихат хатшысы А. Куликешев пен мемлекеттік қызмет ардагері С. Құлманғожиева да кәсіби мерекемен құттықтап, ақжарма тілектерін ақтарды. Аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі бөлімінің басшысы Ш. Ғабдолова мемлекеттік қызметтің қағидалары туралы ақпарат жасады. «Елімізде төменнен жоғарыға дейін басқару жүйесін жетілдіруге, кадрлар біліктілігі мен жауапкершілігін арттыруға басым бағыт беріліп отыр. Оған мысал ретінде биылғы жылғы «Б» корпусы мемлекеттік қызметшілерін кешенді аттестациялауды алуға болады. Мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру кезеңдерінің бірі болып табылатын бұл аттестация мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап та аса күрделі екендігін дәлелдей түседі. Аттестаттаудан екінші деңгей бойынша 28, үшінші деңгей бойынша 88 мемлекеттік қызметкер өтті. Осы сынақтың қорытындысы бойынша 5 мемлекеттік қызметкер жоғары лауазымға ұсынылды. Ал бір қызметкер жоғары лауазымға орналастырылды», — деді Шара Хайыржанқызы. Баяндамашы айтып өткендей, бұл саладағы өзгерістің бірі әдеп жөніндегі уәкілге қатысты боп отыр. Бұған дейін әдеп жөніндегі уәкіл облыс деңгейінде болса, 2017 жылдың 1 маусымынан бастап облыстық маңызы бар қалалар, аудандар әкімдерінің аппараттарында әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары осы мемлекеттік органдардың мемқызметшілеріне жүктеледі. Сондай-ақ Шара Хайыржанқызы аудандағы мемлекеттік қызметшілер династиясын және ұзақ жылдан бері мемқызметте абыройлы қызмет етіп келе жатқан қызметкерлерді атап өтті.