Жастар саясатын кеңінен насихаттау, олардың идеяларынан туындаған мемлекеттік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру мақсатында іргесін қалаған жастар ресурстық орталығы игі істердің бастамашылары. Өткен сенбіде аталған орталықтың ұйымдастыруымен Ақсайда «Жастарға кеңес» жобасы өтті.
Халықтың əлеуметтік жағдайын арттыру мақсатында аудандық білім бөлімі, ішкі саясат бөлімі, жұмыспен қамту орталығы, ішкі істер бөлімі, Батыс финанс микрокредит, ауылшаруашылық бөлімі, жер қатынастары бөлімі, тұрғын үй инспекциясы, экономика жəне қаржы бөлімі, жұмыспен қамту, тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, орталық аурухана, «ДАМУ» ЖКҚҚ, «Свой дом.kz», Ақсай қаласының əкімі аппараты басшылары мен қызметкерлері тұрғындарға тегін кеңес берді. Аталған игі шара шынында да тұрғындар үшін тиімді болды. Көкейлерінді жүрген сұрақтарға жауап алған тұрғындар аталған шаралар жиі өткізілуін сұрады. Жалпы шараға 150-ден астам аудан тұрғындары өз сауалдарына жауап алды. Акцияға аудан жастар да белсенділік танытты. Мәселен аудандық жұмыспен қамту орталығы өкіліне жолыққан жастардың дені көп қажет ететін мамандықтың қандай екендігін білгісі келген. Бөрлі ауданы әкімдігінің қолдауымен алғаш рет ұйымдастырылып отырған акция тамыз айында жалғасын табатын болады.